Алда сайланатын Мәжіліс депутаттарының саны 9 мандатқа қысқарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің Мәжілісіндегі мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрайтын болады. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. Алайда өткен жылдың маусымындағы Референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміздің жоғары заң шығарушы органына берілетін мандат саны беске қысқарылып, олардың барлығы Сенатқа берілген еді. Сондай-ақ, бұған дейін Президент 15 Сенат депутатын тағайындайтын болса, ол сан 10-ға дейін қысқарып, енді соның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы тиіс. Бұл норма 8-ші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады.
«Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды» , - деп жазылған Қазақстан Конституциясының 50-бабының 2-тармағына енгізілген өзгертуде.
Сонымен өткен жылы түзетулер енгізілген Конституциямызға сәйкес, Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл.
«Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады», - деген еді кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мәлімдемесінде.