Маңғыстау билігі туризмді дамытамыз деп жүргенде бәзбіреулер миллиондаған мемлекет мүлкін жымқырып кетті. Ақтауда жылы жағажай аумағында кәріз сорғы стансасының жабдықтары қолды болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мамандар қазіргі уақытта шығын көлемі 105 миллион теңге болғанын айтып отыр. Оқиға былтыр қазан айында болған. Әлдекімдер қала сыртында орналасқан инфрақұрылымның күл талқанын шығарыпты. Еш қысылмастан 4 шақырымдық тоқ желісін көлікке тиеп әкеткен. Яғни кәріз сорғы стансаларына жалғанған тоқты түбінен кесіп алған. Тіпті станса жабдықтарын автоматпен қоса тып-типыл етіпті.
- 20 қазан күні тексеру кезінде кәріз сорғы станцияларымыздың щиттері ашылып, кабельдер ұрланғанын анықтадық. Кәріз құдығының қақпақтары да ұрланып жатыр. Соның бәрінін шығынын есептеп шығарғанда 105 миллион теңге шығын келіп отыр. Біз Ақтау қалалық полиция бөліміне мекеме атынан арыз бердік. Шығын әзірше 105 миллион теңге. Бірақ әлі де анықталып жатқаны көп, - деді «КЖСА» бас инженері Асқар Дүзмағамбетов.
Бұл – Ақтау қалалық әкімдігінің өңір туризмін дамыту үшін бастаған жобасы. Әкімдік жылы жағажай аумағында орналасқан демалыс базаларына кәріз сорғы стансасының құрылысын 2019 жылы бастаған.
- Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Жоба бойынша 57 шақырым кәріз коллекторы салынды. 6 кәріз сорғы стансасы салынды. 42 модульдық кәріз сорғы стансасы салынды. Ал электр желісімен қамтамасыз ету үшін 44 шақырым электр желісі жүргізілді. 2023 жылдық қыркүйек айында нысан «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне берілді, - деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Біржан Маратұлы.
Каспий жылу, су арнасы ұрлықтың кесірінен кәріз сорғы стансаларын қоса алмай отыр. Өйткені стансалар тоқпен жұмыс істейді екен. Мамандар 4 шақырымдық тоқ желісін қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылуы мүмкін деп отыр.
- Кабель ұрланғандықтан, тоқ желісіне станцияларды қоса алмай отырмыз. Бұл – келешекте туризмді дамыту үшін істеліп жатқан жұмыстар еді. Осындай келеңсіз жағдайға тап болып отырмыз қазір. Біз күнделікті қарап, тексеріп жүрсек те кешкісін адам жоқ кезде ұрлаған сияқты, - дейді «КЖСА» бас инженері Асқар Дүзмағамбетов.
102 кезекші пультіне былтыр 9 қараша күні Ақтаудан 30 шақырым жерден «Каспий жылу, су арнасы» мекемесіне тиесілі кабель мыстарының ұрланғаны жөнінде қоңырау түсіпті. Полицейлер мемлекет мүлкіне қол сұққан 5 азаматтың жеке басын анықтап, қамауға алған.
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшерде ұрлық бойынша тіркеліп, тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында 5 күдікті тұлға ұсталып, қамауға алынды. Олардың қылмыстық іс-әрекеттері толық дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданды, - деді Ақтау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Әнуар Сүлейменов.
Тергеуші істің қазір сотта қаралып жатқанын жеткізді. Ал Каспий жылу, су арнасы осындай жағдайларға куә болсаңыз, дереу мекеменің 60-53-16 диспетчерлік нөміріне хабарласуды сұрайды.
Айтпақшы, алдағы уақытта мұндай инфрақұрылымдарға бөтен адамдар қол сұқпауы үшін тоқ ұратын құрылғы қойылатын болды.
Айта кетейік, былтыр қараша айында Мұнайлы ауданындағы үйдің ауласынан 100 дана сорғы-компрессорлық құбыр ұрланған еді. Ер адам 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.
Махаббат Нұржанқызы