Маңғыстауда «Каспий» футбол клубы балаларға арнаулы ашық есік күнін өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараға облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының балалары келіп, футбол ойының қыр-сырымен танысты. Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының директорының тәрбиесі жөніндегі орынбасары Гүлнара Майранбекқызы балаларды мерекемен құттықтап, алғыс айтты.
- Бүгін «Каспий» футбол клубының шақыруымен 7-17 жас аралығындағы балалармен бірге келдік. Алаңға 20-ға жуық бала жиналып, арнайы мерекеге орай сыйлықтар табыстады. Балалардың қуанышында шек жоқ. Атаулы күнде көңіл бөліп, футбол саласының үздіктерімен ойын, шеберлік сабақтарын жүргізді. Спортқа құштар балалардың қызығушылығы екі есе артып, футболға қатысты түрлі мәліметтер алды. Біз үшін де бұл үлкен мәртебе, қолдауларыңызға шын жүректен рахмет! - деді Гүлнара Майранбекқызы.
Сонымен қатар негізгі команданың 6 ойыншысы, атап айтқанда Виктор Дмитренко, Никита Стрижков, Ануар Бекмырза, Нұргелді Төлеуханов және Қазақстан футболының аңызы, 8 дүркін ел чемпионы Александр Мокин жиналып, балаларға сыйлық табыстады. «Каспий» футбол клубының үздік ойыншысы Бекмырза Ануардың айтуынша, іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады.