Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Жиынның мақсаты - балаларға көтеріңкі көңіл- күй, қуаныш сыйлау, қамқорлық жасау және бауырмалдыққа тәрбиелеу.
Іс-шараға Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, өңірдің дәрігерлері, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мерекеге орай балалар үйінде Ресейден келген ортопед-хирург дәрігердің тегін кеңесі ұйымдастырылды.
- Ресейлік ортопед-хирург балалар үйінің тәрбиеленушісі Бақыт есімді сал ауруы сырқаты бар баламызға Шымкент қаласында ота жасаған болатын. Бүгінгі күні баламыздың жағдайы жақсарып келеді, оң өзгерістер барын байқап отырмыз. Тегін кеңес ала отырып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан өзге де балаларымызды көрсетіп, кеңесін алдық. Мереке құтты болсын. Балалардың дендері сау болсын,-деді Маңғыстау облыстық мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәру Ермұханова.
Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында түрлі жанрдағы кейіпкерлер балалардың көңілін көтеріп, қызыққа толы ойындар ойнатты. Қылықты балапандарға түрлі тәттілер мен ой-дамытушы сыйлықтар тарту етілді.
Шара соңы балалар және олардың тәрбиешілерімен бірге теңіз яхтасында серуен ұйымдастырылды.