Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстың бұрынғы әкімі Серікбай Трұмовты алпыс жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
***
Құрметті Серікбай Өтелгенұлы!
Сізді асқаралы алпыс жас мерейтойыңызбен құттықтаймын!
Сіздің еңбек жолыңыз ұлттық мүддені биік қойған, елге қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен қарымды қадамдардан тұрды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды міндетті үлкен жауапкершілікпен атқардыңыз. Отанға адал да, шынайы болумен қатар, күш жігеріңіз мен білім, тәжірибеңізді ел үшін жұмсауыңыз сіздің кәсіби тұлғалық болмысыңызды биік етті.
Сізге алдымен ішкі ар ұждан заңын басшылыққа қойған, мемлекетшілдік мақсат жолында елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жеген, өзгелер бой түзеп, өнеге алатын тұлға деп баға береміз.
Мемлекеттік қызметкерге лайық тәртіп пен талапты өзіне бағындырған, елге адал қызмет етудің жарқын бейнесін қалыптастырған Сіздің қоғам үшін жасаған жасампаз істеріңіз басқаға үлгі.
Сіздің салиқалы шешіммен қабылдаған әрбір саяси қадамыңыз, ел ертеңі үшін жұмсалған әрбір уақыт пен күшіңіз ұрпақтар сабақтастығында салтанат құратыны сөзсіз.
Өлкенің алға басуы үшін іргелі істер атқарған аймағымыздың айтулы ұлы, Серікбай Өтелгенұлы, сіздің елге береріңіз әлі де мол!
Маңғыстау жұртының марғасқа ұлы, Сізді туған күніңізбен құттықтай отырып, өмірдің барлық бақыты мен баянын, балаларыңыздың қызық-қуанышы мен еңбегіңіздің ырзығына кенеле беруіңізді тілеймін!, деп жазылған хабарламада.