Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту аясында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бүгін Жаңаөзен қаласында жаңартылған ХҚКО ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңартылған ХҚКО қызмет көрсетуді жаңа форматта көрсететінін атап өткен жөн. Мәселен, ыңғайлылық үшін орталықтағы қызмет көрсету аймақтары белгілі бір түстерге бөлінген. Бөлімде жылдамдық, әлеуметтік қызмет, құжаттандыру, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы мен дайын құжаттарды беру аймағы бар.
«Бұл біздің Маңғыстау облысында ашқан жаңғыртылған екінші ХҚКО. Бұған дейін Мұнайлы аудандық ХҚКО-ға жөндеу жұмыстары жасалып, халық игілігіне берілген болатын. Бүгінде азаматтар бұл бөлімде мемлекеттік қызмет алудың ыңғайлылығын бағалап үлгерді. Сондай-ақ , қызмет көрсету уақыты да айтарлықтай қысқарды», - деді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Айбек Мұзбаев.
Жаңаөзен қаласында 150 мыңға жуық азамат тұрады. Аталмыш ХҚКО-ға күнделікті 300-дей тұрғын келеді деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Жаңаөзен ХҚКО-сы дүйсенбі-жұма күндері аралығында 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қосымша сұрақтар бойынша мемлекеттік корпорацияның «1414» біріңғай байланыс орталығы арқылы ақпарат білуге болады.
Цифрлық кеңсе Шұғыла көшесі, 29А мекенжайында орналасқан.