ҚР Ұлттық ұланының Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімінің саптық алаңында 200-ден астам жас сарбаз салтанатты түрде Әскери ант қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Отан алдындағы борышын өтеуге сарбаздар Батыс Қазақстан облысы, Атырау, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан келген. Сарбаз болып сап түзеп, Отан алдында серт беруге жиналған сарбаздарды 5548 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қатар сарбаздардың ата-аналары және әскери бөлімінің басшылығы құттықтап, сарбаздарға ел тыныштығын күзету ісінде сәттілік тіледі.
Сарбаздар әскери ант қабылдаған соң, өздері дайындаған қоян-қолтық ұрысынан көрініс көрсетіп, іс-шара әскери оркестрдің концерттік бағдарламасымен жалғасқан. Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталысымен әскери бөлім басшылығы бөлімнің мәжіліс залында сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, көкейтесті сұрақтарына жауап берді.