6 тамыз күні теңіз жағалауында тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат өтеді. Чемпионат "Ұлттық құндылық - ұлттың қазынасы" жобасы және "Jastar Week" апталығы аясында ұйымдастырылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Жеті жұрт" ҚБ жетекшісі Гүлназ Жеңісқызының айтуынша, тоғызқұмалақ адамның ой-санасын шынықтыруға, мидың жұмыс істеу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылардың зияткерлік шеберлігін шыңдайды. Сондықтан жастар арасында ұлттық ойынды насихаттап, қызығушылығын, бұқаралық сипатын арттыру - басты мақсат.
- Ашық чемпионатқа 15-25 жасқа дейінгі және 25-35 жасқа дейінгі ерлер және қыздар (әйелдер) қатысады. Ерлер мен әйелдер бөлек сынға түседі. Жарыс реттелмелі-айналмалы жүйемен блиц бойынша өтеді. Әр ойыншыға блиц 5 минут +2 секунд беріледі. Жалпы жүлде қоры - 800 000 теңге. Әр категория бойынша бірнеше жеңімпаз анықталады және бағалы сыйлықтар, сертификаттарға ие болады. Жарысқа қатысушылар 6 тамыз күні сағат 11.00-ге дейін тіркелуі тиіс. Тіркелу үшін 8 705 970 18 08 нөміріне хабарласуы керек, - дейді "Жеті жұрт" ҚБ жетекшісі Гүлназ Жеңісқызы.
Айта кетейік, тоғызқұмалақтан ашық чемпионатты "Жеті жұрт" қоғамдық бірлестігі облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізеді.