Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі құрамында сынабы бар пайдаланылған шамдарды жинайтын контейнерлерді сырлау және тазалау жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Демеркуризация – құрамында сынабы бар пайдаланылған шамдарды жою процесі. Қала аумағында 27 демеркуризацияға арналған контейнер бар. Аталған контейнерлерді тазалау жұмыстары аптасына 3 рет жүргізіледі. Қазіргі таңда контейнер сыртына ақпараттық белгілер сызылуда.
- Жыл басынан бері қала аумағындағы демеркуризацияға арналған контейнерлерден 6978 құрамында сынабы бар пайдаланылған шам жиналды. Демеркуризация жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, жинау пунктінде құрамында сынабы бар шамдар мен аспаптардың жинақтау және оларды қайта өңдеуге дайындау, құрамында сынап бар шамдарды олардың қаупін азайту мақсатында демеркуризациялау және қайта өңдеу, залалсыздандырудың негізгі тұжырымдамасы шамдарды сынаптан физикалық түрде бөлу, полигонда залалсыздандырылған қалдықтарды көму, контейнерлерді сырлау және қажет болған жағдайда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қала тұрғындарынан аталған контейнерлерге қоқыс тастамай, мақсатына қарай пайдалануды сұрайды.