Мұнайлы ауданында Қазақстан Темір жолының 120 жылдығы және Маңғыстау облысы Темір жолының 60 жылдық мерекесі тойланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Шалғайды жақындатып, ел мен жердің байланысының кепілі болған теміржол тарландарының мерейтойына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев пен Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев арнайы келіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Темірдей тәртіпті талап ететін, қызығы мен шыжығы мол жұмыстарына алғысын айтып, қызметтеріне табыс тіледі.
Шара барысында облыс басшысының орынбасары және аудан әкімі ардагер теміржолшылар мен белсенді қызмет атқарған мамандарды құттықтап, облыс пен аудан басшысының алғыс хаттарымен және ҚТЖ-ның мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады.
Шара соңында ардагер теміржолшы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, бұрынғы әрісптестері, яғни қазіргі теміржол саласының қызметкерлеріне толағай табыс тіледі.
- «Теміржол саласында 42 еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Қазіргі теміржол жаңа технологияның кезеңі. Себебі дүниежүзіндегі алдыңғы технологияның барлығын бойына сіңіріп, үлкен жұмыс атқарып жатыр, заман талабы да сондай. Сондықтан біз ардагер ретінде қазіргі теміржол жұмысына көңіліміз толады. Сонымен қатар, бүгінгі кеш керемет әсер берді. Бұрынғы көптен көрмеген әріптестерімді көрдім, мәз болып қалдық. Теміржол басшылығы мен облыс және аудан басшыларына рахмет. Теміржол күндіз-түні тоқтаусыз қызмет атқаратын мекеме болғандықтан арасында осындай шаралар болғаны жақсы», - деді теміржол ардагері.
Кәсіби мерекені тойлаушыларға аудан өнерпаздары көңілді концерт қойып, думанды кеште керемет көңіл сыйлады.