Ақтауда жаңа оқу жылында әрқайсысы 1200 орындық екі мектепті ашу жоспарланып отыр. Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов аталған мектептердің жұмысын тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы салынып жатқан екі мектеп 19А-шағын ауданда және 18-шағын ауданда орналасқан. Әрқайсысы 1200 орындық. 19А-шағын ауданында орналасқан білім ордасының жалпы аумағы 3979,84 м2 құрайды. Мектеп жанында арнайы спорт алаңы бар, ғимарат ішіндегі сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен, соңғы үлгідегі техникамен қамтылған.
Қала әкімі екі мектепті салып жатқан мердігер мекеме басшыларына аталған білім нысандарын уақытылы тапсыруды қамтамасыз етіп, мектеп айналасында тазалықты сақтау керегін айтты.
- Мектеп жаңа шағын ауданда орналасқан. Іші де, сырты да талапқа сай болу қажет. Оқушылар келгенде бәрі сақадай сай дайын тұру керек. Электр энергиясы, жылу мәселесіне қатысты сұрақтар туындаса жауапты бөлімдер көмектеседі. Бала - біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Болашақ ұрпаққа жақсы тәрбие, сапалы білім беру үшін жағдайын жасау керек. Іші, сырты таза мектепте оқыған баланың тәртібі де, оқу үлгерімі де жақсы болады, - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сондай-ақ, қала әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 33-шағын аудандағы мектеп құрылысымен танысты. Аталған білім ордасының құрылысы күзде аяқталмақ. Жалпы Ақтауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 600 орындық 8 мектеп салынып жатыр.