Әлеуметтік желіде Баутин ауылының маңында орналасқан жоғарғы маяк аумағында кәуап пісіргендерге қатысты тұрғындар шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- «160 жылдық тарихы бар архитектуралық ескерткіш аумағы бұл күні бұзақылар мен темір-терсек іздейтіндердің мекеніне айналды. Ол аздай, 19 ғасырдағы Адай көтерілісінің бүгінге жеткен бір белгісі саналатын ғимарат аумағының бұрышында тұрғындар кәуап пісіретінді шығарды. Біз өз тарихымыз бен мәдени орындарға салғырт қарауды қоюмыз қажет. Әкімдіктегілер мен Туризм, Мәдениет департаментіндегілер қайда қарап отыр» деді МО әкімдігінің телеграм арнасына шағымын жазған тұрғын.
Аудан әкіміндегілердің айтуынша, алдағы уақытта Түпқараған маягы орналасқан аумақ күзетілетін болады.
- Бұл мәселе бойынша аудандық Полиция бөліміне хабарланды. Тұрғындар мен қонақтардан тарихи-мәдени орынға қоқыс тастамауды және өзге де теріс әрекеттер жасамауды өтіне сұраймыз. Өткен аптада Жоғарғы маякқа сенбілік жұмыстары да ұйымдастырылды, - деді Түпқараған ауданы әкімдігінің өкілдері.
Айта кетейік, былтыр жоғарғы Түпқараған маягы аумағында «1286» сериалы түсірілген еді. Осы сериалдан соң тарихи орынға келетіндердің саны артқан.