
© Архив
Биыл 7 айда транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының жалпы көлемі 2,5 млн тоннаға жетті. Қазақстандық порттар арқылы ҚХР-дан Еуропаға транзиттік жүктер саны 14 есе артты. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР КМ Темір жол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Биыл біз Ақтау және Құрық порттары арқылы 8 млн тоннаны, оның ішінде ТМТМ бойынша – 4,2 млн тоннаны ауыстырып тиеуді жоспарлап отырмыз», - деді спикер.
Оның айтуынша, экспорт және транзитпен қатар импорттық жүк ағынының 50%-ға өсуі байқалады.
«Бұл өз кезегінде еуропалық компаниялардың ТМТМ маршрутына қызығушылығын көрсетеді. Бұл факторға соңғы жылдары қабылданған ТМТМ дамыту бойынша кешенді шаралар ықпал етті», - деді Қасым Тілепов.
Оның ішінде қытай тарапымен екі Келісім ратификациялау, Сианьда қазақстандық терминалдың ашылуы бар. Шекарадан өту кезінде кедендік рәсімдерді оңайлату бойынша шаралар қабылданды, қытайлық тараппен өз экспорттаушыларына субсидиялар беру пысықталды.