Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері «Назар аударыңыз! Қауіпті жүк» акциясы аясында 41 жүргізушіге 5 млн 360 мың теңге айыппұл салды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Рейд барысында департамент қызметкерлері 90-ға жуық автокөлікті тексерді. Қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 14 тасымалдаушыға 760 мың теңге әкімшілік хаттама толтырылды.
"Бұл ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті ұйымдастырған акцияның мақсаты - жүктерді тасымалдау қауіпсіздігін және ҚР-ның көлік заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету. Рейд барысында инспекторлар көлікті тіркеу құжаттарының, жол парақтарының, жүргізушіге арналған нұсқаулықтардың, қауіпті жүктерді тасымалдауға рұқсат беру актінің болуын тексерді», - деді Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» басқармасының басшысы Жалғас Нұржаубеков.
Оның айтуынша, биыл 7 айда инспекция қызметкерлері 2 мыңға жуық ауыр жүк көлігі жүргізушілерін тексерген. Рейдтік шаралар нәтижесінде 880 жүргізушіге 98 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.