Қарақия ауданы Тоқмақ жерінде теңіз суын тұщытатын зауыт құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған жоба Президент тапсырмасына сай «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қаржысына салынады.
«Жаңаөзен халқының ауыз суға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа зауыт тәулігіне 50 мың текше метр су шығарады. Су тұщыту зауытының өндірістік нысандары мен инженерлік инфраструктура құрылысы қатар жүріп жатыр», деп хабарлады ҚМГ компаниясының баспасөз қызметі.
Зауытты инженерлік желілерімен қамтамасыз ету мақсатында Жаңаөзен қаласына дейін тұщытылған суды жеткізетін 200 км (екі тармақ) су құбырының 150 километрге жуығы монтаждалып біткен.
Зауытты электр желісімен қамтамасыз ету үшін жоғары кернеулі электр желісіне арналған бағанның 90%-ға жуығы орнатылды. Оған қоса, 40 км автожол құрылысы, 40 км газ құбырын тарту жұмыстары да жалғасуда.