Маңғыстаулықтар үшін Таушық ауылындағы саялы саябақ таңсық жер емес. Тамырын тереңге жайған саялы саябақ – Таушықтың, жалпы Маңғыстаудың інжу-маржаны десек болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Таушық ауылы Ақтаудан 100 шақырым жерде орналасқан. Іргетасы 1939 жылы қаланған бұл елдімекенде 3 мыңнан астам адам тұрады. Ал ауыл тұрғындарының барлығын жергілікті саябақ біріктіріп отыр десек, артық айтқандық емес. Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев осы Таушық ауылындағы Шахта орта мектебін бітірген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылға көшеттер ауыл іргетасы қаланған алғашқы күннен-ақ Атыраудан әкелініп, 60-жылдары аумағы 100 шаршы метрден асатын сұлу саябақ бой көтерген. Саябақ ауыл мешітінің жанында, мешіттің жарты бөлігі осы бақшаның ішінде орналасқан.
Кейін саябаққа су құбыры тартылып, жарық жүргізіліп, орындықтар орнатылды. Саябақта Ұлы отан соғыс ардагерлерінің тізімі бар шағын алаң бар. Жыл сайын 7 мамыр күні майдангерлерді еске алу мақсатында мұнда шеру мен концерт өтеді.
Ауыл жұртшылығы, әсіресе жастар аталған саябақтан сая тауып, кешқұрым қыдырыстауды әдетке, тіпті сәнге айналдырған. Саябақтың шамдары самаладай жарқырап, ойын алаңдары балалардың күміс күлкісіне бөленген.