28 наурыз күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова іссапармен Маңғыстау өңірін аралап, медицина саласы қызметкерлерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Ақмарал Әлназарова ең алдымен Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана ұжымымен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді және аурухананың ота жасау, жансақтау, оңалту, клинико-диагностикалық бөлімдерімен танысты.
Басқосуда дәрігерлерді ынталандыру, жергілікті халық сұранысын дер кезінде қанағаттандыру, кіші медициналық қызметкерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы жалақы мардымсыздығы, мамандардың жеткіліксіздігі туралы мәселелер көтерілді. Өз кезегінде Ақмарал Әлназарова аурухана басшылығына бірқатар тапсырмаларды міндеттеп, қызметкерлердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар министр №2 Жаңаөзен қалалық емханасын аралап, жұмысымен танысты. Қалалық емханада 77 дәрігер қызмет етеді. Министр қызметкерлердің жұмысына өз алғысын білдіріп, өзінің әрдайым қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.
Сондай-ақ, министр Мұнайлы аудандық ауруханасының 150 төсектік стационар құрылысының жұмысын бақылады. Ол қаржыны тиімді пайдалану керектігін айтты. Келесі аралау жұмыстары Мұнайлы Орталық аудандық ауруханасында өтті.
Денсаулық сақтау министрі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысумен өткен Денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылдың қорытынды алқа отырысына қатысты. Онда денсаулық саласындағы басқарма басшылары өз ақпараттарымен әрі өңірдегі алаңдатарлық мәселелермен бөлісті. Шара аясында облыс тұрғындары өз сұрақтарын қойды.
"Бүгін біз бірқатар медициналық мекемелердің, соның ішінде Жаңаөзендегі аурухананың жұмысымен таныстым, онда кадрлық әлеует өте жоғары. Көрсетілетін медициналық қызметтер, жалпы аурухана қызметі Жаңаөзен қаласының тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етеді деп айтуға болады. Қазір үлкен жұмыс жүріп жатыр. Шын мәнінде, биыл біз алғашқы медициналық көмек көрсетілетін барлық деңгейлер бойынша қаржылық және әдістемелік қолдау көрсетеміз, жалпы практиканың барлық дәрігерлерін қайта даярлау мәселесі. Бізде ең бастысы-алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын жетілдіру. Ал екінші жартыжылдықтан бастап біз ішкі резервтер есебінен медициналық қызметтерге тарифтерді көтеру бойынша жұмысты бастаймыз", - деді Ақмарал Әлназарова.
Өңірді аралау қорытындысы бойынша министр Денсаулық сақтау саласында елеулі жақсартулар мен сапалы нәтижелерге қол жеткізу бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін басым міндеттерді атап өтті және нақты тапсырмалар берді.
Министр шара соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.