Журналистика кейбірі үшін шығармашылық, ал өзге бірі үшін қолөнер іспетті. Алайда нағыз журналист өз кәсібін өзге дүниеге айырбастамайды. Қазіргі таңда электронды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі әлеуеті артуына қарамастан журналист мамандығы әлі де сұранысқа ие.
8 наурыз - халықаралық әйелдер күні жаңалық жаршылары сан алуан сала саңлақтары - нәзік жандылар жөнінде ақпарат жариялап, хабар таратады. Ал журналистикадағы әйелдер болмысы толассыз ақпарат легінің тасасында қалып жатады. Бұл жолы өз кәсібіне адал, тәжірибесі зор журналист ханымдар турасында баяндауды жөн көрдік. Көп жылдар бойы жауапкершілігі зор журналистика саласына еңбек сіңіріп келе жатқан нәзік жандылар өз кәсібі туралы ой толғады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Қазақ баспасөзіндегі қырық жылдық қызмет жолында Валентина Қозыбақова қалам қуатымен сан алуан тақырыпты қамтып, халықты толғандырған көкейтесті мәселелерді көтеріп келеді.
Валентина Қозыбақова журналистикадағы ілкі еңбек жолын 1981 жылы бастаған. Бүгінде толайым тәжірибелі тәлімгер, журналист «Маңғыстау-медиа» медиасеріктестігіне қарасты облыстық «Маңғыстау» газетінде бас редактордың орынбасары ретінде қызмет етеді. Ол бірнеше мәрте қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткен өткір мақалаларымен республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған.
-Журналист ретінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, алуан түрлі тақырыпта қалам тербедім. Әсіресе денсаулық, дін, әлеуметтік сала мен экология тақырыптарын қаузай зерттеп, зерделегенім рас. Журналистиканы таңдауым-Алланың сыйы деп білемін. Әр түрлі деңгейдегі байқауларда жүлде еншілеген мақалаларым аз емес. Соның ішінде былтыр «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты атандырған «Қошқар ата көлі»
туралы сараптама мақаламды ең сәтті деп айта аламын, - деді Валентина Қозыбақова.
Үздіксіз ізденіс пен табанды еңбекке иек артқан ақпарат саласының үздігі төртінші билік иелерін халықтың ең сенімді жанашырлары екендігін айтты. Сондай-ақ барша аруларды шұғылалы көктем мейрамымен құттықтап, шынайы бақыт тіледі.