Бейнеу ауданына қарасты Сыңғырлау ауылында жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мешіт Бейнеу ауданының құрметті ақсақалы, ауылшаруашылық саласының және соғыс ардагері Шалқыбай Тәуекелұлының ұрпақтарының бастамасымен салынды. Ғимараттың сыйымдылығы 160 адам. Айналасы түгел абаттандырылған.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына аудан басшылығымен қатар қоғам қайраткері Төкен Танаұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов және алыс-жақыннан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
- «Мешіт – Алланың үйі», «Мешіт – ілім іздеушілердің мекені» деген көнеден келе жатқан сөздерге қарасақ кез-келген мұсылман қауым қоғамындағы даму процесін мешітпен байланыстырады. Дамыған заманымыздағы білім ошағы – мектептің түбі осы мешіт-медреселер. Мешіт адамгершілік пен имандылыққа үйрететін киелі жер. Қазақ халқы үшін ар мен адалдықтың, иман мен сенімнің алғышарттарын жүректерге орнықтыратын мешіттер мен медреселердің орны ерекше. Себебі тарихымызды ақтарсақ, ата-бабаларымызға рухани нәр беріп, көкірек көздерін ашуға себеп болған, жақсы мен жаманды, нәпсі мен рухты, дос пен дұшпанды ажыратуға үйреткен осы қасиетті орындар, -деді Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов.
Шара аясында арнайы келген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, ауыл халқын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.