Әлеуметтік желі беттерінде Ақтау қаласының 26 шағын ауданындағы облыстық балалар ауруханасының жағдайы туралы бейнеролик тарады. Бейне авторы палаталарда тозған жатын орын мен ескі үстелдер, жыртылған төсек орын секілді мәселелерді айтады. Сондай-ақ аурухана ішіндегі жылу жүйесінде де ақау бар, желі қолданушысының айтуынша, аурухананың бір жері тым ыстық болса, екінші жақта мүлдем жылу жоқ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Ыстық су да, ауыз су да жоқ. Мұнда бес литрлік құтылармен жүру керек. Шомылатын орын да қарастырылмаған. Ауруханада жатқанымызға бес күн, бірде-бір рет жуынған емеспіз. Шай ішкің келсе – электр шайнегі де жоқ. Керектінің бәрін өзіңмен бірге алып келу керек. Ауруханаға жату үшін алыстан келгендерге тіпті қиын", - дейді бейне авторы.
Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасы әкімшілігінің хабарлауынша, аталған бейнероликтің бұл мекемеге ешқандай қатысы жоқ.
Медициналық объектінің басшылығы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы еске салады.
- Бейнежазба авторынан пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінің байланыс телефон нөмірі: 210-240 бойынша хабарласуын сұраймыз. Ал мұндағы жалған ақпаратқа қатысты айтар болсақ, біз құзыретті органдарға жүгінеміз, - делінген хабарламада.