Облыста қазіргі таңда спорт мекемелері мен мемлекеттік спорттық тапсырысты қоса алғанда 30 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер тегін түрде спортпен қамтылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірде Маңғыстау облысының дене шынықтыру басқармасына қарасты 33 мемлекеттік спорт мекемесі бар. Оның ішінде 22 балалар жасөспірімдер мектебі, 6 спорт клубы (3 кәсіби клуб), 1 ұлттық спорт орталығы, 2 жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, 1 Олимпиадалық даярлау орталығы, 1 ауылдық спорт кешені кіреді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған спорт мекемелерінде 45 спорт түрінен 20 мыңнан астам жасөспірім дене шынықтыру және спортпен тегін түрде шұғылданып, өңір атынан республикалық және ралықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің құрама командасы мен спорт резервін толықтырады.
2021 жылдан бастап бұқаралық спортты дамыту мақсатында бюджеттен қаржыландыру арқылы спорттық тапсырыс (жан басына қаржыландыру) жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 24 спорт түрі бойынша 4-17 жас аралығында 9 076 жасөспірім мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында тегін түрде спорттық үйірмелерге қатысады.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 2022 жылы 13 500 жасөcпірім, ал 2023 жылы 10 516 жасөспірім тегін спорттық үйірмелермен қамтылған.
Сонымен қатар, өңірде балаларды тегін түрде қамтитын спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін ашу басты міндеттердің бірі. Алғашқы кезеңде облыстың мектеп интернатында тегін түрде 100-ге жуық спортшыны қамтып, спорттық жетістіктерді дамыту үшін жоғарғы санатты жаттықтырушыларды тарту жұмыстары жүргізіледі.