26 маусым күні Ақтауда БАҚ қызметкерлерінің күніне орай интеллектуалды «Bastime_aktau» қазақша куиз ойыны өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынды «Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Сайысқа 11 команда қатысты. Интеллектуалды ойын сегіз бөлімнен тұрды. Журналистер классикалық сауалдарға, киноға, әнге қатысты қызықты сұрақтарға жауап беріп, логикаларын тағы бір рет дамытты.
- 28 маусым кәсіби мерекеміздің қарсаңында әріптестердің басын қосайық, зияткерлік алаңда сайысайық деген ниетте жиналдық. Жалпы ойынға 100-ден аса адам өтініш берді. Оның 90-ға жуығы қатысты. Ойынға жиналудың мақсаты орындалды. Керемет көңіл-күй болды. Әркім өзінің білім деңгейін сынап көрді. Білмегенін үйренді. Барлық қатысушыларға, қолдау білдірген әріптестеріме алғыс айтамын, - деді «Жағымды жаңалық» қоғамдық қорының басшысы Нұрлан Қуанышбай.
Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынға өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығы, Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметкерлері мен мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын қыздардан құралған «Позитив» командасы ие болды. 2 орынға облыстық телеарна қызметкерлердің басы қосылған «24/8» командасы, ал 3 орынға Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметкерлерінен құралған «Massovka» командасы жайғасты.