Ардагер ұстаз, Ақтау қаласының құрметті азаматы Салиха Ыдырысова өмірден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы МО Білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева өзінің фейсбук парақшасында жазды.
Ыдырысова Салиха Қаженқызы 1926 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Сармантөбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылға дейін өзі туып-өскен ауылдағы мектепте білім алып, Ұлы Отан соғысы жылдары мектептің иесіз қалуына байланысты 1942 жылдан 1946 жылға дейін сол мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады.
1946 жылдан бастап Гурьев облысына қарасты мектептерде қызметте болған. 1948 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы педагогикалық училищені бітірген.
1961 жылы партияның шешімімен Ғазиз Ыдырысовтың «Гурьев-20» яғни қазіргі Ақтау қаласындағы ең алғаш бой көтерген мектепке директор етіп тағайындауына байланысты қызметін Ақтау қаласының алғашқы ұстаздардың бірі ретінде жалғастырған.
1947 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1966 жылы «Ана даңқы» орденімен, 1970 жылы «В.Лениннің туғанына 100 жыл» т.б. медальдармен марапатталған. КСРО ағарту ісінің, Қазақ КСР-і оқу-ағарту ісінің озаты, Ақтау қаласының құрметті азаматы.
Салиха Қаженқызы отандық «Бойтұмардың оралуы» фильмінде ананың рөлін сомдаған.
«Салиха апа бір ғасыр өмір сүріп, ғұмырының әр сәтін бала тәрбиесіне, әріптестеріне ақыл-кеңес беруге арнады. 2010 жылы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалғанымда Салиха апаның «мұғалімдеріңе адал басшы бол» деп берген батасы күні бүгінде қызметтегі ұстанымыма айналды.
Саналы ғұмырын мектепте өткізіп, қазақ баласының білімді әрі озық ойлы болуы үшін аянбай тер төккен мұғалімнің елеулі еңбек жолы өзгелерге өнеге. Өзі өмірден өткенімен ұлағатты ұстазымыздың жарқын бейнесі бәріміздің жүрегімізде мәңгілік сақталады. Жатқан жері жаннатта болсын! Алла алдынан жарылқасын!», деп жазды Динара Жұмашева.