26 маусым — халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Осы орайда Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері «Амфитеатр» сахнасында кең ауқымды акция өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Акцияның ашылу салтанатында ведомство бастығының орынбасары полиция полковнигі И.Байжұманов пен жергілікті әкімшілік өкілдері сөз сөйледі.
Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу бағытында полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істеген мемлекеттік орган қызметкерлері мен ерікті азаматтар ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан табысталған алғыс хаттар және арнайы сыйлармен марапатталды.
Сондай-ақ, акция қатысушылары мен жиналған қонақтарға «Біз біргеміз, нашақорлыққа қарсымыз» атты жазумен футболка, бейсболкалар, ақпараттық жадынамалар таратылды.
Одан әрі жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен қойылым көрсетіліп, кинолог мамандардың сенімді көмекшілері — қызметтік иттердің есірткі заттарын табу кезіндегі әрекеттері халық назарына ұсынылды.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті эстрада жұлдыздары мен бишілер, спортшылар өз өнерлерін ортаға салды.