13 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы мен атқарылатын шаралар талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында аймақ басшысы сакралды тарихи-мәдени ескерткіштер мен әулиелі орындардың айналасы қоқысқа толып жатқанын айтып, кәсіпкерлерге тарихи орындардың тазалығы мен абаттандырылу жұмыстарын қамқоршылығына алу жөнінде ұсыныс жасады.
- Маңғыстауды «Аспан астындағы мұражай», «362 әулиелі өңір» деп айтып жүреміз. Бірақ, осы киелі орындардың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Өңірде сенбілік жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы жұмыстарды әрі қарай дамытып, сакралды және тарихи-мәдени орындарға бұрсақ нұр үстіне нұр болар еді. Маңғыстау облысының ерекше тарихи және мәдени мұралары мен табиғи ескерткіштері өздерінің жоғары мәртебесін сақтауы үшін біз материалдық техникасы бар кәсіпкерлерді қамқоршылығына алуға шақырамыз. Бұл жұмыстар тек облыстың көріктілігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ, біздің тарихымыз бен мәдениетімізді келешек ұрпаққа аманаттауға мүмкіндік береді, экологиялық мәдениетін дамытады. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, киелі жерлерді таза әрі қадірлеуге үлес қосуымыз қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ұсыныс кәсіпкерлер тарапынан бірден қолдау тауып, игі бастаманы жүзеге асыруға ниет білдірді.
Айта кетсек, экологиялық шара басталғалы бері облыс көлемінде өткен сенбілікке 39 мыңнан астам адам қатысып, 17 505 тонна қоқыс шығарылды.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысы бойынша 69 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділер анықталып, бүгінгі таңда 18 нүктесі тазартылды. Облыс бойынша 29 063 шаршы метр көлемде шұңқырлы жөңдеу жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың арасында экологиялық білім мен мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ акцияға қатысушыларды ынталандыру мақсатында бірқатар байқаулар мен акциялар ұйымдастырылуда.