Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында жеке кәсіпкер Гүлмира Кұрманиязова әртүрлі әдістерді қолданып органикалық тыңайтқыш түрі компост өндіріп шығаруда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компост – қазіргі кезде қол жетімді ең жақсы органикалық тыңайтқыштардың бірі. Оның құрамында өсімдіктің дамуы мен өсуіне қажетті барлық минералдар бар.
Сондай-ақ топырақтағы ылғалды сақтап, өсімдіктерді суаруға жұмсалатын суды 40 пайызға дейін азайтады. Өсімдіктердің иммундық жүйесін нығайтып, әртүрлі вирустық аурулары мен ағаш зиянкестерінен қорғайды.
Жеке кәсіпкердің негізгі мақсаты өңірді жасыл аймаққа айналдырып, одан шыққан табиғи өнімдерді пайдалану. Кәсіпкер алдағы уақытта табиғи тыңайтқыш компост өнімін көбейтіп, Басқұдық ауылдық округінде орналасқан егістік базарындағы кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, нарыққа шығаруды жоспарлауда.
Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадина Жанжігітова жас кәсіпкердің кәсібіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта қолдау көрсетуге, яғни мемлекеттік қолдаулар грантқа қатысуға кеңес берді.