Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Ақтау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Мұрат Мырзабек айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, делдалдар азаматтарды өз бетінше берілген өтініштер қаралмайды деп сендіріп, несиелік ұйымдарға тұтынушылық несиелер мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен қарыздарды реттеу рәсіміне өтініш жасау және тапсыру бойынша қызметтерін ұсынады.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың қарыздары мен микрокредиттер бойынша өтеу мерзімі өткен борышын кейінірек өтеу туралы келісім жасауға берген өтініштерін заңнамалық деңгейде қарауға міндетті. Қарыз алушылардың іс-қимыл алгоритмі қарапайым және бұл үшін ешкімге ақша төлеудің қажеті жоқ. Азаматтар өз бетінше банк немесе МҚҰ қажетті құжаттарды бере отырып, тікелей өтініш жазуына құқылы, - деді Мұрат Мырзабек.
Сонымен қатар брифинг барысында былтыр басталған «Қарызсыз қоғам» жобасының бастапқы нәтижесі мен оқыту курстарының тиімді тұстары айтылды.
Оқыту курсының нәтижелері бойынша қатысушылар қаржылық мәселелердің қалыптасу себептері туралы, несиелер бойынша қарыз сомасын қадамдар мен әрекеттер арқылы барынша азайтуды үйренеді. Сондай-ақ банктер алдындағы бар қарыздарын өтеу мақсатында бос қолма-қол ақшаның өсуімен өз қаржысын басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйренеді. Оған қоса, жаңадан бастаған кәсіпкерлер компанияның бюджетін қалыптастыру туралы ақпарат алады; салық есептілігі; қаржылық басқару және қолданыстағы бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру шарттарын біледі, -деді «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық эксперті Асқар Имағанбетов.
«Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық эксперті Руслан Елемесовтың айтуынша, жобаға қатысушылардың көпшілігінде әрқайсысы бір кредиті бар– 572, 2 кредиті бар – 499, 3 кредиті бар – 274, 3 және одан жоғары – 197 қатысушы бар. Қатысушылардың көпшілігі орташа айлық несие төлемі 100 мың теңгеден асады. Барлық қатысушының ішінен 90 күннен астам кешіктіруі бар 8%-ды құрап отыр.
Сондай-ақ 2024 жылға Маңғыстау облысында екі қала мен барлық аудан және ауылдық елді мекендерді қамти отыра, 4000 адамды оқыту жоспарда бар екенін «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық эксперті Гүлшат Кульжумирова тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, 2023 жылы азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша “Amanat” партиясының бастамасымен “Қарызсыз қоғам” жобасы іске қосылған болатын.