Маңғыстаулық спортшылар «Nomad MMA-ден» Азия чемпиондары атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында Nomad MMA бойынша Азия чемпионаты аяқталды. Аталған жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Пәкістан, Бангладеш елінен 800-ге жуық спортшы қатысып, өзара үздіктерді анықтаған болатын.
Азия чемпионатында Маңғыстау облысының Nomad MMA құрамасынан 15 спортшы Арқа төріндегі ірі жарыста бақ сынады. Сынға түскен 11 спортшының жеңімпаз атанса, 3-еуі күміс, 4-еуі қола медаль иеленіп, жанкүйерлерін қуантты.
Олардың қатарында 91+ келіде Асылжан Садуов, 76 келіде Темірлан Халидолла, 65 келіде Алдияр Наурызбекұлы, 56 келіде Шыңғыс Айтжанов қола жүлдені қанжығаға салды. 76 келіде Әлібек Кужбаев, 71 келіде Дархан Ислам және 65 келіде Мейірбек Елтай финалға дейін еркін жетіп, күміспен күптелді. Сондай-ақ, 86 келіде Миржан Төлемісов, 81 келіде Серікбай Ходжабаев, 71 келіде Еркебұлан Сисенбаев, 65 келіде Дурдыхан Айдар Азия біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Маңғыстау облыстық «Nomad MMA» федерациясының президенті Мыңбай Ізмұхановтың сөзінше, аталған спорт түрінен Әлем және Азия чемпионаты екі жылда бір рет өтіп тұрады. Өңірлік федерациясының құрылғанына аз ғана уақыт болғанына қарамастан жергілікті спортшылар ірі жарыстарда айтулы жетістіктерге қол жеткізіп жүр.