Иорданияның астанасы Амманда өткен бокстан XXXII Азия чемпионатында маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев қола медаль жеңіп алды, деп деп хабарлайды mangystaumedia.kz спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы құрамасының қос боксшысы ағайынды Төлтаевтар ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында өнер көрсетті.
Қос боксшымыз да жарысты ширек финалдық кездесулерден бастады.
Саматәлі Төлтаев ширек финалда қырғыз боксшысынан айласын асырғанымен, жартылай финалда иорданиялық Әбу Джадже Мұхаммедке есе жіберіп, қола жүлде иеленді. Ал Санатәлі Төлтаев ширек финалда өзбекстандық Руслан Абдуллаевқа есе жіберіп жарыс жолынан ерте шығып қалды.
- Ағайынды Төлтаевтар болашағынан зор үміт күттіретін боксшылар. Алда әлі талай биік белестерді бағындырып, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатады деп сенеміз, деді Маңғыстау облыстық бокс клубының өкілі.
Иорданияда бокстан өткен сары құрлық бәсекесіне 27 елдің құрамасы қатысты. Биыл турнирлік күнтізбе бойынша Қытайда Азия Ойындары өтуі тиіс болатын. Алайда коронавирустық инфекцияның кең таралуына байланысты ресми Пекин аталған жарысты келер жылға шегерді. Осыдан кейін халықаралық бокс федерация Азия чемпионатын ұйымдастырып отыр.