Маңғыстауға ҚР сыртқы істер министрлігінің инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов іссапармен келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іссапар барысында төраға инвесторлармен кездесті. Басты мақсат - Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуетін мен алдағы жобаларды талқылау.
-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанның географиялық орналасу әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Соның ішінде көлік- логистикалық инфрақұрылымды дамыту жобалары бар. Қытай мемлекетіндегі «Ляньюньган» портынан барлық жүк көліктері Ақтау порты арқылы әрі қарай Европаға шығарылуы үшін инвестициялық жобалардың нақты қайсысы іске асатынын әріптестермен бірге іздедік. Сонымен қатар, басқосуда туристік әлеуетті дамытуға және инвестиция құюға байланысты жақсы жаңалықтар туралы бөлістік. Соның бірі — ұлттық инвестициялық платформаның енгізілуі. Бұл ақпараттық цифрлық жүйеде әр инвестициялық жоба тіркеледі. Жоба экономикаға пайдасын келтіріп бастағанға дейін үкіметтің, әкімдіктің, инвесторлардың мониторингтік бақылауында болады. Тіпті, кәсіпорын ашылғаннан кейін бұл платформа 2-5 жылға дейін жұмыс жасайды. Яғни, шығарған өнімдерінің өтімді болуына дейін мемлекет бақылап, көмектесіп отырады, - деді Ғабидолла Оспанқұлов.
ҚР сыртқы істер министрлігі инвестиция комитеті төрағасының айтуынша, бүгінде инвесторлардың басты кедергісі - инфрақұрылымның жоқтығы. Мәселен, әкімдік бір аумақтан жер телімін береді. Десе де инфрақұрылымды 2026-2027 жылы ғана жеткіземіз дейді.
-Бұл өте тиімсіз. Себебі, инвестор көп күтіп қалады. Сондықтан, біздің ұсынысымыз инфрақұрылымы бар жерден жер берілсе, ол жоба тезірек жүзеге асады.Біз кедергілерді шешу жолдарын ұсындық. Екінші мәселе — инвесторларды тарту. Көптеген жобаны жүзеге асыру үшін қазақстандық инвесторлардың қаражаты жетпей жатады. Ондай кезде бізге, яғни инвестицияға тапсырыс берсеңіздер, сол жобаларға Қазақстанның өкілдіктері арқылы қызығушылық танытатын шетелдік компанияларды алып келетін боламыз, - деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Төраға инвесторлармен кездесуден кейін өңірдегі «Мортпорт Ақтау», «КазАзот» АҚ, «Порт Құрық», «Саржа» мен жылы жағажайларды аралады. Басты мақсат - мәселелерді көзбен көріп, жобалардың әлеуетті мүмкіндіктерін инвесторларға баяндау болды.