Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 1 шағынаудан тұрғындарының өтініші бойынша кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Марина Любимованың айтуынша, жерасты суларының кесірінен тұрғын үйлердің жертөлесін су алады екен.
-Бұрын жерасты сулары теңіз жағасына қарай ағып кететін. Қазір ол жерде құрылыс нысандары салынып жатыр. Жерасты суларының салдарынан тұрғын үйлердің жертөлесін су алады. Сол мәселенің оңтайлы шешімін қарастырсаңыздар, - деді мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Марина Любимова.
Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Тілеп Баймағамбетов жерасты суларын жасыл желектерді суару үшін пайдалану бойынша ұсыныс берді. Қала әкімі бұл мәселені мамандар зерттеп, ұсыныс бергеннен кейін шешу жолдары қарастырылатындығын айтты.
-Бұл мәселені бірінші зерттеген жөн. Барлық маман бірлесіп мәселені зерттегеннен кейін, ұсыныстар береді. Соның негізінде жауапты бөлімдер және мердігер компаниялар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіледі. Жерасты суларына талдау жасалып, ол жасыл желектерді суару үшін пайдаланылатын болса, тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл мәселені бақылауға алыңыздар, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Қала әкімінің алдағы уақытта басқа да шағынаудан тұрғындарымен кездесуі тұрғындардың өтінішіне сәйкес жалғасатын болады.