© Видеодан скриншот. ҚазАқпарат сайтынан алынды
Ақтауда никаб киген екі қыздың ойыншық автоматтармен жүрген бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Мұны Маңғыстау облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілерді бақылау барысында байқаған. Тексеру іс-шараларын жүргізу барысында осы оқиғаға қатысы бар адамдар ұсталып, полицияға жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға 26 шілдеде сағат 22:30 шамасында «Ақбота» балалар саябағында болған. Ақтаудың 15 жасар тұрғыны өзінің 17 жасар досымен бірге ойыншық автоматтарын сатып алып, бейне контент жасап, әлеуметтік желіге жүктеген.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, оқиғаға байланысты жасөспірімдердің заңды өкілдері түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды жалғыз жіберу және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қыздар профилактикалық есепке алынды.