Маңғыстауда 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Арайлы Атамекенім» челленджі өтіп жатыр. Челлендж 28 ақпаннан 3 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Батырхан Кенжеғалиұлының айтуынша, челлендждің басты мақсаты – ата-бабаларымызға, ата-аналарымызға, ардагерлерімізге, денсаулық сақтау қызметкерлері мен құтқарушыларға, өрт сөндірушілерге, мұғалімдерге, тәрбиешілер мен еріктілерге алғыс айту.
- Челлендж барлық маңғыстаулық тұрғындарға арналады. Алғыс айту күніне орай бірінші кезекте дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге, кезекшілікте елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететіндердің барлығына алғыс айтқым келеді, - деді Батырхан Кенжеғалиұлы.
Сондай-ақ, күні кеше аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай ұйымдастырылған шарада МОАА ЗТБ президенті Жібек Ахметова да аталған челленджі қолдайтынын жеткізді.
- Алғыс айту күніне орай бастау алып жатқан «Арайлы Атамекенім» атты челленджін қолдап Нұрлан Асқарұлы, Сізге ҮЕҰ-ға көрсеткен қолдауыңыз бен көмегіңіз үшін барша ҮЕҰ атынан шын жүректен алғыс айтамын! Сонымен қатар, ата-анама, жақындарыма, достарыма, уақытпен санаспай әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жүрген ҮЕҰ жетекшілеріне алғысымды білдіремін!, - деді Жібек Ахметова.
Сонымен қатар, ол сөз соңында челленджді ҮЕҰ басшыларына жолдады.