Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының көлік құралдарына арналған сұйытылған мұнай газына бөлшек сауда бағаларын реттеу мерзімін ұзарту туралы бұйрығы 9 қаңтардан бастап күшіне енді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұрын белгіленген газ бағасын өзгеріссіз тұрақтандыру талабы осы жылдың 30 маусымына дейін ұзартылды.
Бөлшек саудада шекті бағалар әр аймақ үшін жеке белгіленген. Маңғыстау облысында сұйытылған газдың литрі 50 теңге болса, шалғай елді мекендерде тағы 5 теңгеге қымбаттады.
«Баршамызға белгілі, өткен жылғы қаңтардағы оқиғаның басты себептерінің бірі сұйытылған газ құнының күрт өсуі болды. Қиын-қыстау кезеңде облыстық Кәсіпкерлер палатасы билік өкілдері мен кәсіпкерлерді бірнеше рет бір дастархан басына жинап, диалогқа шақырды. Облыс тұрғындары газ бағасын литріне 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді сұрап, талап қанағаттандырылды», - деді Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аманат Махмұтов.
Оның айтуынша сол кездері тұтынушыларға дер кезінде газ жетпегендіктен тапшылық туындады. Кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мақсатында Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасы бағаның көтерілуі мәселесін шешуге және көгілдір отын тапшылығын жоюға белсене атсалысты.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесе атқарылған белсенді жұмыстарды да атап өткен жөн. Басқарма қызметкерлері аукционды ұйымдастырушылар мен олардың жосықсыз қатысушыларының жұмыс жүйесін тексерді. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер жауапқа тартылған.
«Қазір сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері оны делдалсыз тікелей өндірушіден сатып алады. Ал мемлекет реттейтін баға бойынша түпкілікті тұтынушыларға дейін. Қазіргі таңда облыста сұйытылған мұнай газын беру жағдайы тұрақты», - деп түйіндеді сөзін Аманат Махмұтов