Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ғалымдарының ұйымдастыруымен «Ғылым Time» тақырыбында сұхбаттық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оған Маңғыстаудың әр өңірінен жалпы білім беру ұйымдарының ғылыми жобадан жүлдегер атанып жүрген жоғары сынып оқушылары және олардың жетекшілері қатысты. Мұндағы мақсат – оқушылар ғалымдармен жүздесіп, пікір алмасу, зерттеп жүрген тақырыптарды тереңірек іздену жолдарын үйрету. Ғалымдар оқушылардың ғылыми жұмыстарымен танысып, жас ғалымдарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, шәкірт тәрбиелеуде ғылым жолында аянбай еткен ерен еңбектері туралы сөз қозғады.
Кездесуге Ш.Есенов атындағы КТИУ, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Отарова, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әділет Қабылов, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бибатпа Кошимова да қатысты. Ғалымдар өз өмірлерінен сыр шертіп, қызығы мен шыжығы қатар жүретін ғылым жолының сан қырын баяндап, қызықты әңгіме өрбітті.
Университетте ғылым күніне орай апталық болып жатыр. Апталықтың әр күніне белгілі бір бағдарламалар құрылған. Жас ғалымдармен жүздесу де соның бір тармағы.
Ақмарал Отарова жоғарғы оқу орнында 4 жыл бойы «Түпқараған ауданының жер-су атаулары» тақырыбы аясында зерттеу жүргізген. Дипломдық жұмысын осы тақырыпта қорғаймын деп жүріп, ҚазҰУ-ға ізденуші боп барып профессор, филология ғылымдарының докторы Зейнол Бисенғалиден тосын ұсыныс түседі.
««Сен Маңғыстаудан келген екенсің ғой. Саған бір тақырып ұсынығым келіп отыр. Осыған дейін қаншама адамға ұсындым, бірақ ешкім соңына дейін ізденбейді, орта жолдан тастап кетті.Туған өлкеңнен шыққан осы бір тұлғаны зерттеуге ешкімнің тісі батпады, мүмкін сен аларсың»,- деп Маңғыстаудан шыққан алғашқы журналист- Маршал Әбдіхалық тақырыбын ұсынды. Ол сонау 1961 жылы Жетібайда мұнай фонтаны атылып жатқанда Маңғыстауды бүкіл әлемге паш еткен, сол кездегі газеттерге бірінші болып мақала жазған кісі болған. Тек журналист қана емес, драматург, аудармашы, жазушы болған. Осындай ұлы тұлғаны ешкімнің танымауы өкінішті. Сол сәтте ішімдегі намыс оянып, Маңғыстаудың тумасы бола тұра, осы тұлғаны танытпағаным әбес болар деп , 4 жыл бойы зерттеген тақырыбымды тастап, Маршал Әбдіхалық туралы зерттеуді бастадым»,- дейді Ақмарал Отарова.
Осылайша сол жобаны ғалымдардың алдында қорғап шығады. Сол кезде филолог, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің өзі: «Өте қиын тақырыпта жоба қорғап, жаныңмен еніп, зерттедің, елің мен жеріңе үлкен үлес қостың. Айналайын, өшкенді жандырдың» деп жоғары баға берген екен. Ғалымдар өз ғылыми жолдарынан осындай қызықты жайттарды айтып қана қоймай, жас өрендердің де көкейтесті сұрақтарына жауап берді. Оқушылар да өз ғылыми жобалары жайлы кеңірек айтты.
Фариза Өтесбай
Ақтау қаласындағы ІТ лицейдің 10- сынып оқушысы
Ақтауда «Ғылым Time» кездесуі өтті