2024 жылдың 10 шілде мен 10 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысының әскери басқару органдарында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдерімен 2024 жылы шекара қызметін жас буынмен жасақтау мақсатында әскерге шақырылатын азаматтарды алдын ала зерделеу және іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы брифингте ҰҚК Шекара қызметі МО бойынша департаменті кәсіптік және техникалық даярлау бөлімінің аға офицері Әлинұр Сейітханов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, Қарулы күштерді және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қажетті санда жасақтау үшін 18 бен 27 жасқа дейінгі әскерге шақыртуды кейінге қалдыру немесе одан босатылу құқығы жоқ азаматтар мерзімді әскери қызметке шақыртылады. Сонымен қатар спикер мерзімді әскери қызметтің артықшылықтарын да атап өтті.
- Іріктелген әрбір үміткер оқу-жаттығу үрдісі аяқталғаннан кейін, мерзімді әскери қызметін Маңғыстау облысында, яғни тұрғылықты мекен-жайы бойынша атқара алады. Алынған несиелерді төлеуді кейінге қалдыру да қарастырылған. Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары есебінен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерісіз жеңілдікті негізде жоғары білім алу үшін білім беру жеңілдіктерін беру ұсынылды, - деді Әлинұр Сейітханов.
Сонымен қатар брифинг барысында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде жыл сайын 250-ге жуық азамат әскерге шақырылатыны айтылды. Әскерге шақырылушылардың 50% өз еркімен бірінші айлық жалақысы 250 мың теңгені құрайтын келісімшарт бойынша әскери қызметке қалады.
Сондай-ақ, азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуінің дәлелді себептері:
1. еңбекке жарамдылығынан айырылуға байланысты науқастануы;
2. басқа адамның көмегіне мұқтаж, толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, Қазақстан Республикасының аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша отбасы мүшелерін асырауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде әскерге шақырылушы адам тарапынан күтімді талап ететін жақын туысының қайтыс болуы немесе науқастануы;
3. азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болып танылады. Келмеу себептері құжат түрінде расталуға тиіс. Отбасы жағдайлары бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға ұсынылған құжаттар мен олардың отбасы жағдайын тексеру актісі негізінде беріледі.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тиісті физикалық және моральдық-психологиялық даярлығы бар, білімі жалпы ортадан төмен емес, басым тәртіппен іріктелген әскерге шақырылушылармен жасақталады. Бұл ретте заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ әскерге шақырылушыны әскерге шақыру сәтінде белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар жақын туыстары бар адамдар әскерге шақырылмайды.