Ақтауда жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған бейімделген оқыту бағдарламасы әзірленеді. Бүгін «Жаңа бастама» жобасы аясында өткен семинар-тренингте мәселе жан-жақты талқыланып, шешу тетіктері нақтыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тренингке медицина саласының мамандары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссия мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Оларға «Жаңа бастама» жобасының негізгі бағыттары мен оқыту бағдарламасы, жасөспірімдермен жұмыс істеуде ескеретін негізгі басымдықтар түсіндірілді.
«Бәйшешек» қоғамдық қорының директоры, гинеколог дәрігер Алтын Сақтағанованың айтуынша, елде жасөспірімдер арасында ерте босану саны жыл сайын артуда. Жасөспірімдер жүктілігінің 70 %-ының аборт жасауы, 15%-ының түсік тастауы ерте жүктіліктің жағымсыз аспектілеріне жатады. Осы қыздардың тек 15%-ы ғана сәбиді мерзіміне дейін аман-есен көтеріп, босана алады. Жасөспірім шақтағы ерте жүктілік және босану қыз баланың психологиялық дамуы мен қалыптасуына да үлкен соққы береді.
«Қоғамдағы осы күрделі мәселелерді ескеріп, облыста жасөспірімдерге жүйелі кеңес беретін мамандарды көбейтіп, тұрақты ақпараттар беруді жолға қою қажет. Ауқымды аудиторияларды қамту мақсатында гинеколог, ювинолог, қаралу кабинеттері, скрининг мамандары, жастар орталықтары мен психолог мамандарының біліктілігін жан-жақты көтеру маңызды. Бұл ретте «Жаңа бастама» жобасы бейімделген оқыту бағдарламасын әзірлеуді қолға алды. Мамандар мен тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, мәселені шешу жолы қарастырылып жатыр. Осы бағдарламаның аясында 128 медицина маман біліктілігін арттырады, жастарға кеңес беріледі. Ерте жүктіліктің алдын алуға тек медицина саласының өкілдері ғана емес, барлық сала мамандары атсалысуы керек», - дейді Алтын Сақтағанова.
Айта кетейік, семинар-тренингті «Бәйшешек» қоғамдық қоры Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының көмегімен ұйымдастырды.