2022 жылы облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы директоры өзінің тумаластарын жұмысқа заңсыз орналастырып, іс жүзінде жұмыс істемесе де ай сайын жалақы төленіп, сыйақы негізсіз есептелген. Оларға жалпы есеппен 2,6 млн теңге аударылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәлімдеуінше бұрынғы директордың бюджет қаражатын жымқыруы бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармақшасында көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу іс-құжаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жолданды.
Бұдан бөлек Ақтау қаласының прокуратурасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балаларға арнаулы медициналық-əлеуметтік қызметтер көрсететін денсаулық сақтау жəне əлеуметтік қорғау жүйесінің мекемелерінің қызметіне тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижесі бойынша өрт қауіпсіздігі, еңбек, әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау заңнамалары саласында заңдылық бұзылғаны анықталды.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 2 мекеме директорына 7 әкімшілік іс-құжат толтырылған.