Тұрғындар облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстарына жиі шағымданады. Жылды қорытындылап, қандай жұмыстар атқарылғанын сараптау үшін mangystaumedia.kz сайтының редакциясы қала әкімідігіне бірнеше сауал жолады. Атап айтқанда, Ынтымақ алаңындағы «Киіз үй» әткеншегі, 9 ш/а 20 үй сыртындағы қазақтың әйгілі биінің суреті бейнеленген плакат қашан орнына қойылатыны және вандалдар бүлдірген аумақтарды қалыпқа келтіруге қанша қаржы жұмсалғаны туралы сұрақтар қойылды.
Көгалдандыру дегеніміз не? 2023 жылдың қаңтарында жарияланған «Ақтау қаласы мен оған іргелес Өмірзақ ауылының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» жобада бұл – халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жиынтығы екені айтылған. Мәселен, аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау және аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау.
Үйлесімді және жайлы ортаны құру – тұрғындардың физикалық қана емес, эмоционалдық әл-ауқатына да ықпал етеді.
Ақтаудың көркін арттыру үшін қала әкімдігі бюджет есебінен қандай жұмыстар атқарды?
Мәселен, 15а ықшам ауданында теңіз жағасынан жаңа автотұрақ салынды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жасалып, шам бағаналары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сондай-ақ жасыл желек те отырғызылды.
Он үйдің жанында, атап айтқанда, ВСО-1, 28а-1, 15 шағын аудандағы «Теңіз Бриз» тұрғын үй кешені және 38 үй, 14-24, 4-39, 29-23, 17ш/а «Айрақты» тұрғын үй кешені, 4-10, 30ш/а «Інжу» тұрғын үй кешені мекен-жайлары бойынша жаңа балалар ойын алаңы салынды.
Приморский тұрғын алабында, 28а-1, 15 шағын аудандағы «Теңіз бриз» тұрғын үй кешені және 4, 38 үйлер, 14-38, 4-10, 30 шағын аудандағы №167,168,169 үйлердің жанына спорт алаңы орнатылды.
Биылғы жылдың мамыр айында ішкі жолдардың шұңқырларын жөндеу жұмыстары басталды. Мәселен, 15ш/а ішкі жолдары толық көлемде жөндеуден өтті. Қазіргі таңда 14, 4, 29 шағын аудандардағы жолдарды жамау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, 29 ықшам аудандағы 24-үйдің тұрғындары шұңқырларды жөндеудің сапасына шағымданған еді.
- Бірінші қабаты – битумсыз, бұл – жол тегіс болмайды деген сөз. Бюджет қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану қажет. Мұндай сапасыз жұмыс үшін мемлекет ақшасын құртудың қажеті жоқ,- дейді 29 шағын аудан тұрғыны.
Келесі кезекте – 28 және 11 шағын аудандар. Ал мүлдем ішкі жолы болмаған 19ш/а-да 3 шақырымға жуық жол төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Жыл соңына дейін қалған бір жарым ай ішінде көпқабатты үйлерге 8 лифт орнату жоспарланған. Мердігер –
«ЛифтСпецСтрой» ЖШС.
Жазда вандалдар Ынтымақ алаңындағы «Киіз үй» архитектуралық мүсінін қиратқан еді. Сол сәтте жөндеу жұмыстарынан кейін "киіз үйді" орнына қайта қою уәде етілді.
– «Киіз үйге» келер болсақ, алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады, - деп хабарлады Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Сондай-ақ биыл мамырда 9ш/а 20 үйге ілінген плакат желден бүлінген еді. Әйгілі 3 би бейнеленген тарихи тұлғалар плакаты да қалпына келтіріледі деп уәде етілді.
Дегенмен Ақтау қалалық әкімдігі абаттандыруға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін айтудан бас тартты.
Алайда Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы шешімімен бекітілген 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті есептесек, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 1 753 750,0 мың теңге жоспарланған. Ал 2023 жылдың қазан айындағы қалалық бюджет шығыстарының атқарылуы туралы есепте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шығындарының көлемі 7 439 800,7 мың теңгені құрады.