Маңғыстау облысында биыл сапасыз қызметтер мен тауарларды көрсеткені үшін тұтынушыларға 5 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, өтініштердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және бөлшек сауда, медицина, көлік және электронды сауда салаларына қатысты. Екі ай ішінде департаментке 255 өтініш, оның ішінде 25-і ескертулермен түскен. Алты өтініш басқа мемлекеттік органға жолданып, 2 875 150 теңге иелеріне қайтарылды.
– Биыл бізге телеграм боты арқылы да 8 сұраныс түсті. Тұтынушыларға түсініктемелер берілді. Сонымен қатар, азаматтарды жеке қабылдау барысында өтінішпен жүгінген 62-ден астам тұтынушыға 2 024 980 теңге, сенім телефонына жүгінген тұтынушыларға 102 200 теңге қайтарылды, - деді Рауан Мұхаев.
«Маңғыстау облысы тұтынушыларының құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Никар Рафикова тұтынушыларды құзырлы органға арыз жазу арқылы өз құқықтарын білуге және нарықтағы жосықсыз кәсіпкерлерді анықтауға шақырды.
– Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында 3 жолы қарастырылған. Әлеуметтік желі арқылы тауар сатып алатын алданған азаматтар немесе тауардың сапасына көңілі толмайтындар үшін бірінші кезекте департаментке хабарласуға кеңес беремін. Егер департамент мәселені шеше алмаса, сотқа жүгіну керек. Талаптарыңыз бойынша 10-нан астам адам өтініш білдірсе, тікелей сотқа жүгінуіңізге болады, – деді Никар Рафикова.