14 наурыз Амал мерекесі жылдағы дәстүрге сәйкес халықаралық дәрежеде тойланады. Отпан тауда 40-тан астам киіз үй тігіліп, түрлі концерттік, спорттық шаралар өткізіледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Амал мерекесіне Түрік елінен жыршы Ирфан Гердал, Өзбекстаннан Муххамад Эшбоев, Қарақалпақстаннан Аяпов Саламат шақырылып отыр.
- 13 наурыз күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің Жыңғылды ауылдық атшабарында ат бәйгелері, қыз қуу, тазы жүгірту сияқты ұлттық спорт ойындары өткізіліп, кейін «Ақсарай» музей кешені таныстырылады. Мерекелік думан әрі қарай Маңғыстау ауданындағы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасады. Оған қоса «Қарашаңырақ» алаңындағы сахнада театрландырылған қойылым және Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан арнайы келген жыршылары және облыс өнерпаздарының мерекелік концерті өтеді, - дейді Әсем Әшірова.
Сондай-ақ «Қарашаңырақ» ғимараты сахнасында «Бірлік отын» жағу рәсімі, кешкі қонақасы, ауызашар дастарқаны жайылады. Мерекелік шара өңірлік жазба ақындар мүшәйрасына ұласады.
Мерекелік той-думанның екінші күні Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Жаңаөзен қаласы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жоспарланған. Бұдан бөлек қазақ күресі, түйе палуан сияқты ұлттық спорт сайысы ұйымдастырылып, «Сәлем —сөздің атасы» және «Қарақазаннан дәм тату» мерекелік шаралары, танымал тұлғалардың сәбиіне тұсау кесу рәсімі жасалады. Отпан тау басындағы шара «Бірлік отын» Қосай ата ұрпақтарына табыстау рәсімімен қорытындыланады.
- Қала, аудандарда «Нұр Наурыз - халық тойы» атты бауырсақ party, наурыз көже жәрмеңкесі, «Абысын тату болса» аудандық абысындар байқауы, «Жырдың басы – әз Наурыз» атты жыр кеші, «Келіндер байқауы - 2024», «Ас - адамның қуаты» атты ұлттық тағамдардан жәрмеңке, «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты қазақтың ұлттық ойындарынан сайыс өткізіледі,- деді Әсем Әшірова.
Айта кетейік, Амал мерекесі 14 наурыз кешкі сағат 19:00-де Ақтау қаласындағы Амфитеатр сахнасында Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев және Маңғыстау өнер жұлдыздарының концертімен қорытындалады.