Маңғыстау облысының шаруа қожалықтарында кене қаптап, түйелер мен боталар қырылып жатыр. Түпқараған ауданының шаруалары кененің көптігінен малдарын залалсыздандырып үлгермей жатқанын айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шаруалар зиянкестің алдағы уақытта тіптен көбеюі мүмкін екенін айтып отыр. Сол себепті арнайы мамандар көмек көрсетпесе өңірдегі мал жаппай қырыла ма деп алаңдайды.
- Кене талап 5 ботам өлді. Залалсыздандыруға өз күшіміз жетпей жатыр. Бұл тек Түпқараған ауданында емес, Маңғыстау облысының барлық мал шаруашылығында болып жатқан қасірет. Барлығы түйелердің жүнін қырқып, өз бетінше улап жатыр. Дегенмен нәтиже жоқ. Мұнымен күресуге шаруалардың шамасы келмей жатыр. Сондықтан арнайы мамандардың көмегі керек. Жағдайды зерттеп, кенеден құтылудың жолын айтса дейміз, - дейді шаруалардың бірі Есбол Естұрлиев.
Шаруалар кененің қуаңшылықтан соң пайда болғанын айтады. Ал биыл былтырғыдан да көп шығып жатыр дейді олар. Түйе шаруа қожалықтарындағылар қоралар мен малдарды кенеден тазартып үлгермей жатқанын айтады.
Ал Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болса шаруалардың мұндай жағдайдың алдын алуы тиіс деп отыр.
- Әр кәсіпкер өзі ұстап отырған төрт түліктің ауруын алдын алуға міндетті. Ал біздің тарапымыздан жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шара жасалады. Түйелердің жаппай қырылуы үш жыл қатарынан тіркелсе ғана, министрлікке шығып, қауіптің бар екенін дәлелдеп, залалсыздандыру шараларына қаражат бөлдіруге болады. Қазіргі жағдайда шаруаларға өз күштерімен улау шараларын жүргізуге тура келеді, – деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Бердібек Марқабаев.