Қазіргі уақытта 31А мөлтек ауданы мен «Бәйтерек» сауда ойын-сауық орталығына дейінгі аралықтағы көлік жолын жөндеу аяқталуға жақын, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоспар бойынша жолдың ескі қабаты сүріліп, орнына шағыл тас-мастикалық асфальтбетонды жол жамылғысы төселеді. Оның бетіне термоплатикалық материалдан жол белгілері сызылады. Сондай-ақ, жолдың ескі бордюрлары жаңартылады. Жол құрылысының сапалы атқарылуын ұлттық жол сапа орталығының мамандары бақылап жүр.
-Жалпы айтқанда, Маңғыстауда жол құрылысында алғаш рет шағыл тас-мастикалық асфальтбетонды жол жамылғысы қолданылып жатыр. Бұл материал өте берік, ұзақ мерзімге шыдайды. Айта кетерлік жайт, мұндай жамылғы көлік тежегішін басқан сәтте тоқтау қашықтығын айтарлықтай азайтады. Сондай-ақ жол үстіне жаңбыр суы жиналмайды. Келешекте өңірде барлық жол құрылысы жобаларында осындай жаңа материалды қолдану жоспарда бар, - деді ҚР КМ «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» Маңғыстау филиалының жол инженерлері.
Жобаға «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі тапсырыс берген. Мердігер «Болашақ-Өзен» мекемесі.
Айта кетейік, ұзындығы 64 шақырымдық «Құрық-Жетібай» тас жолында күрделі жөндеу жұмыстарында шағыл тас-мастикалық асфальтбетонды жол жамылғысы қолданылып жатыр.