14 тамызда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосу барысында 4 мәселе қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атап айтқанда, 2023 және 2024 жылдың 6 айының қорытындылары бойынша Қарақия ауданы әкімі аппараты және оған қарасты дербес мемлекеттік мекемелерінде мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамаларының және әдеп кодексі талаптарының орындалысы туралы аудан әкімі аппараты басшысының есебі, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының 2024 жылдың І жартыжылдық жұмысына жүргізілген талдау нәтижесі талқыланды.
Сонымен қатар, Бейнеу ауданы әкімі аппаратының басшысы А.Майланға бұрын қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс қаралды.
«Сондай-ақ, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г. Тасполатоваға «мемлекеттік лауазымын төмендету», ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрiндегі тәртiптiк жаза қолдану жөнінде шешім қабылданды», деп мәлімдеді департаментінің баспасөз қызметі.
Басқосу соңында Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасының міндетін атқарушы Д. Кесікбаева мемлекеттік қызметшілер күнделікті қызмет барысында қолданыстағы заңнама талаптарының сақталу қажеттілігіне баса назар аудару керегін атап өтті. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың және әдеп нормаларын бұзудың алдын алу әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті екенін де еске салды.