Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев облыстың жеңімпаз спортшыларын марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марапаттау рәсіміне Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Айбек Имашев, Ұлттық спорт түрлері орталығының директоры Қайрат Бурбасов, Маңғыстау облыстық мүгедектер клубының директоры Марат Бейсенбаев, «Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының» бас жаттықтырушысы Нұралы Құлышев, socca WorldCup шағын футболдан әлем чемпионатының жеңімпаздары атанған спортшылар, Астанада өткен волейболдан (параволейболдан) Азия чемпионатының жеңімпаздары, «Қазақстан барысы-2023» қазақ күресі бойынша республикалық турнирдің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғапов, трансплантацияланған органдары бар пациенттер арасындағы жарысқа қатысушылар, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары қатысты.
Нұрлан Ноғаев спортшылардың саланы дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтіп, оларға алға қойған мақсаттарға жетуде табыс тіледі.
-Сіздерді әлемдік және республикалық жарыстардағы жеңістеріңізбен құттықтаймын! Сіздер халықаралық жарыстарда жоғары спорттық шеберлікті көрсете білдіңіздер және өңірдің ғана емес, елдің абыройын асқақтаттыңыздар. Бұл жерде жаттықтырушылардың ерекше еңбегін атап өтпесе болмайды. Кез-келген Олимпиада чемпионы жаттықтырушының еңбегінсіз жетістікке жете алмас еді. Өйткені бапкерлер жас спортшылардың қабілеттерін байқап қана қоймай, оларды дамытуда зор еңбек сіңіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында өңірде спорттың дамуына белсенді қолдау көрсетіліп келеді. Облыста спорт кешендері салынуда және спорттың саналуан түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған - деп атап өтті өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау «Атриум» командасы Германияның Эссен қаласында 6х6 форматта socca WorldCup шағын футболдан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Олар финалдық кездесуде Украина құрамасын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Астанада өткен волейболдан (параволейболдан) Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы финалда күміс жүлдегер атанып, 2024 жылы Парижде өтетін ХVII жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Ұлттық құраманың құрамына үш Маңғыстау спортшысы кіреді.
Ақтөбеде орган трансплантациясынан өткен және диализде жүрген тұлғалар арасында өткен республикалық жарыста маңғыстаулық жеті спортшы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Сонымен қатар, маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Соңғы мәліметтер бойынша, облыста дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың саны 295 469 адамды құрайды.
Облыста жаңа спорт объектілерін ашу және бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік спорттық тапсырыстар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта BS Arena спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Онда тұрғандар футзал, балалар футболы, волейбол, баскетбол, бассейн, теннис, үстел теннисі, таэквондо сияқты спорт түрлерімен шұғылданатын болады. Сонда -ақ, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салу жоспарланған.