Халықтар достастығын, ұлт татулығын дәріптеп жүрген жас дарын 10 наурыз күні пневмониядан қайтыс болған. Бұл туралы облыстық ҚХА мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ислам Музаев өзінің шығармашылық өнерін 2010 жылы бастаған. 2016 жылы Маңғыстау облысы ҚХА-ның ұйымдастыруымен Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде Алғыс айту күніне орай «Мен Қазақстандықпын» атты алғашқы жеке шығармашылық концертін берген болатын.
2017 жылы Ақтау қаласындағы Достық үйінде Ислам балаларға арналған «Muzaev production» вокалдық үйірмесін ашты. Музаев Ислам 20-дан астам балаға өз таланттарын ашуға, сахнада ән айтуға, тәрбиеге, үлкендерді құрметтеуге, патриоттық сезімін артыруға еңбек сіңірді.
Ислам Музаев 1991 жылы Шешенстанда туған, 2001 жылы ата -анасы Ақтау қаласына көшіп келеді. Жасөспірім кезінен Абай атындағы мәдени демалыс кешеніндегі вокал үйірмесіне қатысып, әншілік қабілетін көрсеткен.
Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмедегі концерттік бағдарламасының қатысушысы, қалалық, республикалық шығармашылық байқаулардың, фестивальдердің жеңімпазы. Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хаттары және көптеген басқа марапаттарға ие болды.
Маңғыстау облысы ҚХА-ның ұйымдастыруымен жыл сайын Достық үйінде «Muzaev production» балалар вокалдық үйірмесі атаулы даталарда Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні, Халқаралық балаларды қорғау күні, Жаңа жылдық мерекелерде концерттік бағдарлама өткізді. Концерттерде Ислам Музаевтың жетекшілігімен балалардың орындаған заманауи шығармалары балаларға, ата-аналарға, достыққа, бейбітшілік пен келісімге арналды.