Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев көтерме сауда базарының директорлары және супермаркет иелерінің қатысуымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетіктерін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылы барлық көкөніс импортының көлемі 20,6 мың тоннаға жетті. Өнімдердің көбі Иран, Пәкістан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан елдерінен жеткізіледі.
Өңірге көкөністерді жеткізу, сақтап, таратумен «Асар-С» көтерме сауда орталығы және «Kaz Fruit» ЖШС айналысады.
Қазіргі таңда шет мемлекеттерден келетін пияз көлемінің азаюына байланысты өндірушілер пияз бағасын қымбаттатып отыр. Осы орайда үкімет деңгейінде пияз экспортына шектеулер енгізілді. Соның есебінен ішкі нарық тұрақталады деп жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баға белгілеу әлемдік логистиканың, шикізат пен қызметтердің құнына әсер ететінін айтты. Соған қарамастан әкімдікте өнім бағасын ұстап тұруға көмектесетін тетіктер бар екенін тілге тиек етті.
Мысалы, «Каспий» ӘКК арқылы кәсіпкерлерге 0,1 пайызбен қайтарымды несие беріледі. Несие берудің негізгі шарты - бағаны алдын ала белгілеу.
Қазір облыста 6 ірі сауда қоймасы бар. Бірақ бұл бағаны тұрақтандыруға және маусымаралық кезеңге дейін ұстап тұруға жеткіліксіз. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтау қаласындағы қоймаларды ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ірі инвестициялық жоба іске асады. Бұл - 40 мың шаршы метрді құрайтын Ақтау көтерме-тарату орталығы. Жобада қоймалар мен көтерме сауда орталығы болады. Климаттық сақтауға арналған қоймалардың көлемі 54 000 тонна болса, оның 20 000-ы көкөністерді сақтауға арналған.
– Жоба толығымен орындалса, көкөніс бағасын бірқалыпты ұстауға мүмкіндік болады. Облысқа азық-түлік тауарларының 84 пайызы сырттан әкелінетінін, 16 пайызы ғана өзіміз қамтамасыз ететінін білесіздер. Біз үшін нарықтық бағаның ауытқуы - үлкен мәселе. Импорттық өнімнің бағасына логистикалық шығындар, басқа да факторлар әсер етеді. Өңірде көкөніс сақтайтын қоймалар да жетіспейді. Көтерме-тарату орталығын салу жобасы бәсекелестікті арттыру арқылы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге көмектесуі керек. Кәсіпкерлер табыс табуы үшін, сонымен бірге халықты қолжетімді бағадағы өніммен қамтамасыз етуі үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Нұрлан Ноғаев.