Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қала жолдарында рейд жүргізді. Полицейлер мен сот орындаушылары да салық төлеуден жалтарған азаматтарды ұстауға көмектесті. Рейд барысында олар көлік иелеріне көлік салығы бойынша бұрыннан бар қарыздарды қысқа мерзімде өтеу қажеттігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қазір ақтаулықтардың көлік салығы бойынша қарызы 556 миллион теңгеден асты. Рейд барысында төлемақы төлемегендерден 925 мың теңге өндіріп алған. Салық төлеушілерге салықтық міндеттемелерін тексеруге және берешек болған жағдайда оны тез арада төлеуге кеңес берілді (айыппұл кешіктірілген әрбір күн бойынша есептеледі).
Тексерушілер тез арада төлеген дұрыс, әйтпесе қарыз сот арқылы өндірілетінін ескертті. Бұл жағдайда қарыз сомасы ұлғаюы мүмкін.
Жұмыс барысында қарызды толық өтегенге дейін борышкердің көлік құралын пайдалануына шектеу қойылады. Осы ретте 1 163 293 теңге салық төлемегені үшін «Тойота Хилюкс» автокөлігі айыппұл тұрағына жабылды.