Ақтау қаласындағы NIS-те «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 15 жылдығына орай «Мәдени диалог: Қазақстан және Әзербайжан» атты халықаралық форумы өтті. Форум соңында екі жақтың достығы ағаш тамырындай жайыла берсін деген ниетте мектеп ауласына ағаш отырғызылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz NIS мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетелдегі мектептермен ынтымақтастықты арттыру мақсатында өткізілген форумға Әзербайжандағы Азер және Натик Новрузовтар атындағы №36 мектеп өкілдері Қазақстанға арнайы келді.
«Серіктес мектептер» жобасы аясындағы форумда сөз сөйлеген Баку қаласындағы Новрузовтар атындағы №36 мектеп директоры Джафарова Гюльнара Афганқызы бұл жүздесу жаңа жобалардың бастауы болатынын айтты.
- Бұл жобаның бізге де, сізге де берері мол. Екі тараптың тәжірибесі мен білімін бөлісудің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз, - деді Әзербайжандағы Натик Новрузовтар атындағы №36 мектеп директоры Гюльнара Джафарова.
Екі тараптан көптеген ұсыныс айтылып, бірқатар бағытта мектеп үшін де маңызы бар мәселелер талқыланды. Форум ашылу салтанаты соңында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
- Екі жақты қызметті жақсартуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандум алдағы уақытта бірлескен жобаларды дайындау және өткізуге үлкен мүмкіндіктер мен жетістіктерге жеткізетіні сөзсіз, - деді Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев.
Тараптар байланысты нығайтуда бірлесе қызмет етуге ниетті екенін білдіріп, алдағы уақытта тығыз байланыста болуға уағдаласты.
Кездесу соңында қонақтар арнайы Әзербайжаннан әкелген ағашты мектеп ауласына отырғызды.