Ақтаудағы 17 ш/а қоқыс контейнерлері жол бойындағы жаяу жүргіншілер жүретін аумаққа көшірілді. Сондықтан жаяу жүргіншілер қоқыс контейнерінің жаңа орнына наразы екенін айтуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-арнасына "Green Park" ТҮК тұрғындарының әрекетіне ашуланған өзге тұрғындардан шағым келіп түсті.
- Сәлеметсіз бе! 17ш/а «Green Park»-қа қарама-қарсы беттегі жаяу жүргіншілер жолына қарай қоқыс жәшіктерін көшірді. Қоқыс жәшігі жеке балабақшаға қарама-қарсы тұр. Тұрғындар тастаған қоқыстар, қораптар мен қатты қалдықтар жаяу жүргіншілерге де, бала ерткен адамдарға мен баласын арбаға салған аналарға да кедергі тудыруда. Қоқыс жәшіктерін қолайлы жерге көшіруді сұраймын», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, бұрын қоқыс контейнерлері тұрған аумақ жеке тұлғаға тиесілі. Өз меншігіндегі жерді жеке мақсатына пайдалануды көздеген кәсіпкер контейнерлерді басқа жерге көшіруді талап еткен. Ал үйдің ауласында басқа бос орын жоқ.
Нәтижесінде ТҮК тұрғындарының келісімімен контейнерлер жаяу жүргіншілер жолына көшірілген.
– «Green Park» тұрғын үй кешені тұрғындарының келісімімен қоқыс контейнерлері жаяу жүргіншілер жолына көшірілді. Тұрғындардың өздері айтқандай, аула ішінде де контейнер қоятын жер жоқ. Біз қоқыс жинайтын компанияға бұл аумақты қоршауды тапсырдық», - деп жауап берді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Айта кетейік, 1 шілдеде «Қалдық. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру үшін контейнерлерді орналастыру алаңдарына қойылатын жалпы талаптар» атты ұлттық стандарт қабылданған еді. Құжат ғимараттардың, көппәтерлі тұрғын үйлердің және жеке тұрғын үйлердің жанында контейнерлік аумақтар салуды (қайта жаңартуды), сондай-ақ тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардан, балалар мекемелерінен, спорт алаңдарынан және тұрғындардың демалыс орындарынан санитарлық алшақтықты қамтамасыз етуді көздейді. Бұл ретте, арнайы көліктерге ыңғайлы асфальт жол болуы тиіс. Сондай-ақ тұрғындар тастайтын құрылыс материалдары мен көлемді қоқыс үшін жабыны және қоршауы бар орындар жасалуы керек.